Толыгырак ===> http://yvision.kz/post/239787
Бүгінгі кейіпкеріміз тағдырын музыкамен байланыстырып, сахна мен микрофонсыз өмір сүре алмайтын жас жігіт. “ASh ҚаZақ Pro” лейблінің негізін қалағандардың бірі, елімізге танылған рэп орындаушы Шыңғыс Әлкеев “Екпіннің” оқырмандарына қазақ рэпінің тарихы мен қазіргі жағдайы турасында әңгімелеп берді.
- Кәсіби музыкантсыздар ма?
- Кәсіби болғанда, дипломымыз жоқ. Басында бұл хобби болып басталған дүние. Уақыт өте келе дертімізге айналып кетті. Тастайық десек, тастай алмаймыз. Рэпперлер рэпті дерт деп айтады. Біз сол жазылмас, айықпас дертке шалдыққан адамдармыз. Бұны хобби деп те айтуға келмес, өйткені бұл өміріміздің бөлшегі. Жұмыс деп те айтуға келмейді, өйткені жұмыс емес. Сондықтан да, шынымды айтсам, бұл сұраққа жауап бере алмайды екенмін. Бірақ кәсіби сияқтымыз.
- Ән жазу, көпшіліктің алдында ән айту қашаннан басталды?
- Жеке маған келетін болсақ, мен рэпке 9-сыныптан бастап қызыға бастадым. Сол кезде ресейлік Дэцл, Шeff деген рэпперлер пайда болды. Кейіннен 2004 жылы Алматыға оқуға түскен кезде ақтаулық Жан, Бауыржан деген жігіттермен таныстым. Бұрын жазбаша ақын едім. Кезінде Шымкентте облыстық газеттерге жазған өлеңдерім шығып та жүретін. Өлең жазатынымды білген жігіттер: “сөз жазады екенсің, әнімен айтып көрші” - деді. Айтып көрдім, ұнап қалды. Осылайша 2008-жылдан бастап мен де рэп әлеміне кіріп кеттім.
- “Ash ҚаZақ Pro” тарихы жайында айтып берсеңіз.
- “Ash қазақ” басында студенттік кинофильмдер түсіретін орталық болған. Біз сонда фильм түсіретінбіз. Шағын, яғни қысқа метражды фильмдер түсіріп, түрлі студенттік фестивальдерге қатысатынбыз. Бірінші «Дидар» деген студентік кинофестивальден бастадық. Сосын «Шәкен жұлдыздары», Астанада өткен «Шабыт» фестивалі. Одан кейін біртіндеп осы рэпке ауысып, ойысып кеттік. 2009-жылдан бастап нақты рэппен айналыса бастадық.
- Фанаттарыңыз көп деп естіп жатырмыз...
- Фанаттарымыз көп деп айтады. Бірақ бізге қашан да аз көрінеді. Қанағатшылдығымыз жоқ сияқты. Одан әрі көбейе берсін.
- Мысалы, қай облыста тыңдарман саны аздау?
- Шығыс Қазақстаннан бастап Қызылордаға дейін бардық. Орынборда да болдық. Маған Павлодарда фанаттарымыз аз сияқты көрінеді (күліп).
- Ал тыңдармандарыңыздың жасы нешеде?
- Концерт берген кезде байқап отырсақ, орташа шамамен 10-23, 24-ке дейін. Кейде тіпті 28, 29 жастағы жігіттер де келіп, «фанат едік» деп, суретке түсіп жатады.
- Ал концерт билеттеріңіздің құны қандай?
- Бізді қалаларға арнайы ұйымдастырушылар шақырады. Әр облыстың әлеуметтік жағдайына байланысты бағасы да әр түрлі. Бірінде 1000 теңге болса, бірінде 800 теңге. Негізінен ұйымдастырушылар баға саясатын өздері жүргізеді ғой. Ең қымбат билетіміз Тараз қаласында 1500 теңгеге сатылған.